«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 11-VІ Заңы (2026.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

52) төлем карточкасын шығару - төлем карточкасын ұстаушыға төлем карточкасын беруді көздейтін төлем қызметі;

53) төлем карточкасының эмитенті - төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асыратын банк немесе Ұлттық пошта операторы;

54) төлем құжаты - қағаз жеткізгіште жасалған не электрондық нысанда қалыптастырылған, соның негізінде немесе көмегімен төлем және (немесе) ақша аударымы жүзеге асырылатын құжат;

55) төлем құралы - төлем және (немесе) ақша аударымы соның негізінде немесе ол пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын төлем құжаты немесе электрондық төлем құралы;

56) төлемнің және (немесе) ақша аударымының аяқталуы (түпкілікті болуы) - қатысушының төлемге және (немесе) ақша аударымына міндеттемесі орындалды деп есептелетін уақыт көзі;

57) төлем ордері - клиент пен оған қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру және (немесе) клиенттің банктік шотына қызмет көрсету кезінде пайдаланылатын төлем құжаты;

58) төлем талабы - бенефициар немесе бенефициардың банкі ақша жөнелтушінің банкіне ұсынатын, төлем құжатында көрсетілген ақша сомасын ақша жөнелтушінің банктік шотынан төлеу туралы төлем құжат;

59) төлем тапсырмасы - ақша жөнелтушінің өз банкіне немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы төлем құжатында айқындалған ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауы көзделетін төлем құжаты;

60) төлем ұйымдарының тізілімі - есептік тіркеуден өткен төлем ұйымдарының бірыңғай тізбесі;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 61) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

61) төлем ұйымы - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы Заңға сәйкес көрсетілетін төлем қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқылы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;

62) төлем хабарламасы - төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын банктік шотты ашпай жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын және ақша жөнелтушінің өзіне қызмет көрсететін банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға төлем құжатында көрсетілген сомада бенефициардың пайдасына ақша аудару туралы тапсырмасы қамтылатын төлем құжаты;

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 62-1) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

62-1) ұлттық төлем жүйесі - операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болып табылатын, олардың қатысушылары арасында төлемдер мен ақша аударымдарын теңгемен жүргізуге арналған төлем жүйелерінің жиынтығы;

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 62-2) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

62-2) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы - ұлттық төлем жүйесінің, цифрлық теңге платформасының, ашық банкинг жүйесінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығының, инфрақұрылым құрауыштары болып табылатын Сəйкестендіру деректерімен алмасу орталығының жəне инфрақұрылымның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ілеспе ақпараттық жүйелер мен технологиялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын басқа да құрауыштардың жиынтығы;

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 62-3) тармақшамен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

62-3) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталық (бұдан əрі - ұлттық банкаралық орталық) - ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған операциялық, технологиялық жəне өзге де функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы;

63) чек - чек берушінің қызмет көрсететін банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жазбаша бұйрықта көрсетілген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеу туралы осындай бұйрық қамтылатын төлем құжаты;

64) чек беруші - чек жазып берген тұлға;

65) чек ұстаушы - өз пайдасына чек жазылған тұлға, оның ішінде, егер чекті ол өзіне жазса, чек беруші;

66) шетелдік төлем жүйесі - операторы Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын төлем жүйесі;

67) электрондық ақша - электрондық нысанда сақталатын және электрондық ақша жүйесінде жүйеге басқа да қатысушылар төлем құралы ретінде қабылдайтын электрондық ақша эмитентінің шартсыз және кері қайтарып алынбайтын ақшалай міндеттемелері;

68) электрондық ақша жүйесі - электрондық ақша жүйесі операторының электрондық ақша эмитентімен және (немесе) электрондық ақша иелерімен өзара іс-қимыл жасауы арқылы электрондық ақшаны пайдалана отырып, төлемдерді және өзге де операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;

69) электрондық ақша жүйесінің агенті (бұдан әрі - агент) - банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, Ұлттық пошта операторы және электрондық ақша эмитентімен не электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарттың негізінде электрондық ақшаны кейіннен жеке тұлғаларға өткізу үшін эмитенттен және ақша иеленуші жеке тұлғалардан оны сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын төлем агенті;

70) электрондық ақша жүйесінің операторы - электрондық ақшаны пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа сәйкес электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын айқындайтын банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 70-1) тармақшамен толықтырылды

70-1) электрондық ақшаның электрондық әмияны (бұдан әрі - электрондық әмиян) - электрондық ақшаға билік етуді қамтамасыз ететін, оны есепке алу және сақтау тәсілі;

71) электрондық ақшаны өтеу - электрондық ақша эмитентінің өзі шығарған, электрондық ақшаның иесі ұсынған не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда иеленушісі оларды ұсынбастан ауыстыруға жататын электрондық ақшаны олардың номиналдық құнына тең ақша сомасына айырбастауды жүзеге асыруын көздейтін көрсетілетін төлем қызметі;

72) электрондық ақшаны пайдалану - азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемді және (немесе) меншік құқығының электрондық ақшаға өтуімен байланысты өзге де операцияларды жүзеге асыру мақсатында электрондық ақша иесінің оларды электрондық ақша жүйесінің басқа қатысушысына беруі;

73) электрондық ақшаны шығару - электрондық ақша эмитентінің электрондық ақшаны жеке тұлғаға немесе агентке олардың номиналдық құнына тең ақша сомасына айырбастау арқылы беруін көздейтін көрсетілетін төлем қызметі;

74) электрондық ақша эмитенті - осы Заңға сәйкес электрондық ақшаны шығаруға және өтеуге құқығы бар көрсетілетін төлем қызметтерін беруші;

75) электрондық көрсетілетін банктік қызметтер - көрсетілетін төлем қызметтерін және ақпараттық көрсетілетін банктік қызметтерді алу үшін қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы клиенттің өз банктік шотына қол жеткізуімен байланысты көрсетілетін қызметтер;

76) электрондық терминал - төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын не қолма-қол ақшаны қабылдау және (немесе) беру операцияларын жүзеге асыруға не шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға не өзге де операция түрлерін жүзеге асыруға, сондай-ақ тиісті растау құжаттарын қалыптастыруға арналған электрондық-механикалық қондырғы;

77) электрондық төлем құралы - төлемді және (немесе) ақша аударымын жасауға өкілеттігі бар ақша жөнелтушіге төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға бастамашы болуға, сондай-ақ ақша жөнелтуші мен электрондық төлем құралының эмитенті арасындағы шартта көзделген өзге де операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпаратты қамтитын төлем карточкасы немесе өзге де электрондық жеткізгіш;

78) электрондық төлем құралын ұстаушы - электрондық төлем құралының эмитентімен жасалған шарттың талаптарына сәйкес электрондық төлем құралын пайдаланатын немесе иеленетін жеке тұлға;

79) электрондық төлем құралының эмитенті - электрондық төлем құралын шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

80) эскроу-шот - клиент айқындаған шарттардың басталуына немесе орындалуына дейін банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасауға үшінші тұлғаның құқығын шектей отырып, клиент осы тұлғаның атына ашатын ағымдағы шот немесе жинақ шоты.

 

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасында төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ төлем жүйелерінің және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының жұмыс істеу процесінде туындайтын қатынастардың субъектілері болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

2020.02.07. № 356-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын халықаралық төлемдер мен және (немесе) ақша аударымдарымен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен (қаржы институттарымен) байланысты қатынастар «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы және «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерімен реттеледi. Егер халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша әрекеттер Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса, онда мұндай қатынастар осы Заңмен, көрсетілген шарттармен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде iскерлiк айналым дәстүрлерімен реттеледi.

3-тармақ 2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Осы Заңның банктерге қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдарына қолданылады.

2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілеріне және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.

 

3-бап. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 3-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

3-1-бап. Осы Заңның мақсаты, міндеттері мен қағидаттары

1. Төлем жүйелерін ұйымдастыру жəне олардың жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу жəне оларды қадағалау (оверсайт), көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын реттеу, оларды бақылау мен қадағалау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу осы Заңның мақсаты болып табылады.

2. Осы Заңның міндеттері:

1) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын, көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің жəне төлем жүйелері операторларының төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға, төлем қызметтерін көрсетуге байланысты қызметін реттеу;

2) көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығына қатысу үшін көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің, төлем жүйелері операторларының қызметіне, көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығы субъектілерінің өзара іс-қимыл жасау жəне төлем қызметтерін көрсету тəртібіне қойылатын талаптарды əзірлеу жəне белгілеу;

3) өз құзыреті шегінде көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің, төлем жүйелері операторларының қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

4) мемлекеттің қаржы жүйесі мен экономикасының орнықтылығын қамтамасыз етуге, алаяқтықты, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды), терроризмді қаржыландыруды және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруды болғызбауға бағытталған ұйымдастырушылық жəне рəсімдік іс-шараларға жəрдемдесу.

3. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне, көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын реттеуге, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттеу мынадай:

1) заңдылық;

2) баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету, төлем нарығы субъектілерінің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу жəне көрсетілетін төлем қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау;

3) ұлттық төлем нарығының экономикалық қауіпсіздігі мен тəуелсіздігін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.

 

4-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктері

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйелерін ұйымдастыруды жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, төлем жүйелерін реттеуді жəне оларды қадағалауды (оверсайт), көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығын реттеуді, оларды бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын реттеуді осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сəйкес жүзеге асырады.

Төлем жүйелері, көрсетілетін төлем қызметтерінің нарығы, төлемдер жəне (немесе) ақша аударымдары саласы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдары жəне Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласының бір бөлігі болып табылады.

2. Төлемдер және төлем жүйелері саласында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады және өзге де өкілеттіктерді іске асырады.

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес Қазақстан Ұлттық Банкі өз құзыретіне жатқызылған мəселелер бойынша қабылдайтын заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілердің тізбесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ережеде айқындалады.

 

2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)

4-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның төлемдер және төлем жүйелері саласындағы өкілеттіктері

Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғау мақсатында банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды және қадағалауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

 

 

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 1-1-тараумен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

1-1-тарау. ҰЛТТЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚАРЖЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

 

4-2-бап. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі міндеттері, жұмыс істеу қағидаттары жəне құрауыштары

1. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі міндеттері:

1) ұлттық төлем жүйесі арқылы банкаралық төлемдер мен ақша аударымдарын, мобильді төлемдерді, цифрлық теңге пайдаланыла отырып жасалатын операцияларды жүргізу кезінде банктердің жəне банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету;

2) қаржы жəне төлем ұйымдарының клиенттерін биометриялық аутентификациялауды жүргізу;

3) алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша жəне өзге де төлем транзакцияларына қатысушылар арасында деректер алмасу арқылы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасауға жəрдемдесу;

4) екінші деңгейдегі банктер жəне банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, банкаралық төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын Қазақстан Республикасының аумағында өңдеу;

5) көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер арасында ашық бағдарламалық интерфейстер бойынша ақпарат алмасу үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету;

6) қаржы нарығы мен көрсетілетін төлем қызметтері нарығына қатысушы клиенттердің көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушілерге деректерді беруіне келісімдерін жинау, сақтау жəне өңдеу.

2. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы мынадай қағидаттармен жұмыс істейді:

1) қатысушылардың ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштарына тең жəне ашық түрде қол жеткізуі;

2) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылардың өзара іс-қимыл жасауы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

3) көрсетілетін төлем қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

4) қаржы нарығы мен көрсетілетін төлем қызметтері нарығында инновацияларды дамытуға жəне бəсекелестікті ынталандыруға жəрдемдесу.

3. Мыналар ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштары болып табылады:

1) ұлттық төлем жүйесі;

2) ашық банкинг жүйесі;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы;

4) Сəйкестендіру деректерімен алмасу орталығы;

5) цифрлық теңге платформасы;

6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын өзге де құрауыштар.

4. Сəйкестендіру деректерімен алмасу орталығының жұмыс істеу жəне қызметтер көрсету тəртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің электрондық банк қызметтерін көрсетуді реттейтін нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

5. 2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

 

4-3-бап. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының операторы

1. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады.

Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:

1) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштарын айқындайды;

2) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрауыштарының жұмыс істеу жəне оларды басқару қағидаларын, ерекшеліктерін бекітеді;

3) қатысушылардың ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысу жəне олардың құрауыштарымен өзара іс-қимыл жасау шарттарын айқындайды, сондай-ақ ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылардың оларды сақтауын қамтамасыз етеді;

4) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштарына қатысты ақпараттық қауіпсіздік шараларын іске асырады;

5) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштары шеңберінде қатысушылар арасында ақпарат алмасуды ұйымдастырады;

6) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылармен шарттар жасасады;

7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде жəне ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жекелеген құрауыштары операторының функцияларын орындауды ұлттық банкаралық орталыққа жүктеуге құқылы.

 

4-4-бап. Ұлттық төлем жүйесі

1. Ұлттық төлем жүйесі ақша аударымдарының банкаралық жүйесінен, банкаралық клиринг жүйесінен жəне операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болып табылатын басқа да төлем жүйелерінен тұрады.

2. Ұлттық төлем жүйесі:

1) мемлекеттің ақша-кредит саясатының операциялары бойынша төлемдер жəне (немесе) ақша аударымдарын жүргізуді жүзеге асыруға;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардағы ақшаны пайдалана отырып, қаржы ұйымдары арасында төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға;

3) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін төлем жүйелерінің қағидаларында айқындалған осы төлем жүйелеріндегі клирингтің нəтижелері бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге;

4) Қазақстан Республикасының резиденттері екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, өңдеу мен клирингті қоса алғанда, банкаралық төлем карточкалары жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының аумағында банкаралық төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға;

5) банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысушылардың клиенттері арасында лездік мобильді төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға бағытталған.

3. 2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

 

 

2-тарау. ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ

 

5-бап. Төлем жүйелеріне қойылатын негізгі талаптар

1. Төлем жүйесінің ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібі осы төлем жүйесінің операторы белгілеген қағидаларында айқындалады.

2. Төлем жүйесінің қағидаларында:

1) төлем жүйесінің жұмыс істеу рәсімдері, оның ішінде төлем жүйесінде ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлем хабарларының форматтарын қолдану тәртібі, төлем жүйесінің жұмыс кестесі және төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесі;

2) төлем жүйесінің операторы ұсынатын көрсетілетін қызметтердің және төлем жүйесінде жүзеге асырылатын операциялардың сипаты;

3) төлем жүйесіне қатысу шарттары;

4) төлем жүйесіне қатысушылардың оның операторымен өзара іс-қимыл тәртібі;

5) төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды кері қайтарып алу рәсімдері;

6) төлем жүйесіне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібі;

7) ақпараттық қауіпсіздік шараларын сақтау тәртібі;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

8) төлем жүйесі қағидаларын бұзғаны үшін төлем жүйесіне қатысушыға қолданылатын шаралар;

2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды

9) алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды), терроризмді қаржыландыруды және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруды болғызбауға бағытталған ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды төлем жүйесінде қамтамасыз ету және енгізу жөніндегі шаралар қамтылуға тиіс.

3. Төлем жүйесінің қағидаларына осы төлем жүйесіне қатысушылардың басқа төлем жүйелеріне қатысуын (оның ішінде айрықша қатысу туралы шарт түріндегі нормаларды), сондай-ақ басқа төлем жүйелеріне осы төлем жүйесінің инфрақұрылымына қызмет көрсететін тұлғалардың (осы төлем жүйесі операторының жұмыскерлері болып табылатын адамдарды қоспағанда) қызмет көрсетуін шектейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.